Контентке өту

Президент: Экономиканы әртараптандыру – Қазақстанның жаңа даму бағыты

Президент: Экономиканы әртараптандыру – Қазақстанның жаңа даму бағыты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында экономиканы әртараптандыру алдағы кезеңдегі басты стратегиялық міндеттердің бірі екенін айтты.

Президенттің мәліметінше, былтыр Қазақстанда 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды. Сонымен қатар биыл шалғай ауылдардағы 500 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз ететін 12 ірі жоба іске қосылады.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қолдау көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін атап өтті. Өткен жылы агроөнеркәсіп кешеніне жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге тартылып, шаруалар алғаш рет ұзақ мерзімді қаржыны жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен алу мүмкіндігіне ие болды.

Президенттің айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнімі 10 триллион теңгеге жуықтап, ауыл шаруашылығы экспорты 7 миллиард долларға жетті. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жаңа инвестициялық кезең басталғанын айтып, экономиканы әртараптандыру жай ғана ұран емес, ұзақ мерзімді дамудың негізгі бағыты екенін атап өтті.

Президенттің мәліметінше, былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асып, өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға артқан. Инвестициялар негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және цифрлық инфрақұрылым салаларына бағытталуда.

Мемлекет басшысы мамыр айында қабылданған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңның ерекше маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат шетелдік және отандық инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, цифрлық мегаполистерді, инновациялық кластерлерді және жоғары технологиялы өндірістерді дамытуға негіз болады.

Президенттің пікірінше, аталған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда Қазақстанда орнықты экономикалық өсімнің жаңа моделі қалыптасып, ел Еуразиядағы технологиялық әрі іскерлік хабтардың біріне айналады.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты