Контентке өту

Президент: Педагог мамандығын таңдаған жастардың қатары артып келеді

Президент: Педагог мамандығын таңдаған жастардың қатары артып келеді
ашық дерек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде педагог мамандығын таңдаған жастар санының артып келе жатқанын жақсы үрдіс ретінде бағалады. Президент бұл туралы ұстаздардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шарада айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Биыл 12 мыңнан астам түлек, оның ішінде 2 мыңнан аса «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа ие болған. Сонымен қатар мұғалімдік жолын таңдаған студенттердің шәкіртақысы 2,5 есеге артқан.

Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірлерде 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданды. Олардың жартысына жуығы – жас мамандар.

«Бұл – мектептерге білімді, жігерлі, ұшқыр ойлы мұғалімдердің жаңа буыны келіп жатыр деген сөз. Ұстаздыққа енді қадам басқан жас мамандарға аға буын көп көмек көрсетуге тиіс», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруда сабақтастықтың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, білікті мұғалім – мықты мемлекеттің тұғыры. Бұл ретте жоғары оқу орындары болашақ ұстаздардың кәсіби білімі мен дағдыларын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысы білім және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтудің де маңызын атап өтті.

Сонымен қатар Президент орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні жоспарлы түрде енгізу басталғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа технологияны дұрыс пайдалану мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, оларды артық әкімшілік міндеттерден босатуға мүмкіндік береді. Бұл ұстаздарға оқушылармен тікелей жұмыс істеуге және тәлімгерлікке көбірек уақыт бөлуге жағдай жасайды.

Биыл қыркүйек айында Оқу-ағарту министрлігі білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану стандартын бекітті. Енді қаладағы және шалғай ауылдардағы мектептердің озық әдістемелер мен цифрлық платформаларға қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған.

Президент халықаралық PISA-2025 зерттеуінің нәтижелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан мектептерінің цифрлық дайындық деңгейі ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішінен жоғарылаған. Сондай-ақ оқушылардың когнитивті бейімделу индексі де орташа көрсеткіштен жоғары нәтиже көрсеткен.

«Алайда бұл жолдың басы ғана, тоқмейілсуге себеп емес. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Осы жетістікпен тоқтап қалуға болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты