Контентке өту

Президент: Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру мен терең өңдеуді басым бағыт ретінде айқындады

Президент: Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру мен терең өңдеуді басым бағыт ретінде айқындады

Астанада өткен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының орнықты дамуы, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру және азық-түлік өндірісін терең өңдеу мәселелеріне ерекше тоқталды.

Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету – еліміздің стратегиялық басымдықтарының бірі. Бүгінде жасанды интеллект пен заманауи автоматтандыру технологиялары әлемдік аграрлық сектордың дамуына тың серпін беріп, жаңа аграрлық революцияның негізіне айналып отыр.

Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды дәлме-дәл жоспарлау мен болжамды талдауда пайдалану нәтижесінде Қазақстан қатарынан екінші жыл 27 миллион тонна астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін атап өтті.

Осы нәтижені сақтап қалу мақсатында елімізде ауыл шаруашылығы алқаптарын толық цифрландыру жұмыстары басталған. Бұл бағытта ұшқышсыз ұшу аппараттары, жерсеріктік навигация жүйелері және автоматтандырылған метеорологиялық станциялар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары мен субсидия беру тетіктері толықтай цифрлық форматқа көшірілуде. Бұл әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, қызмет көрсету тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Президент мал шаруашылығында да интеграцияланған цифрлық платформаның іске қосылғанын айтты. Жаңа жүйе қағаз құжат айналымынан бас тартып, ақпараттың нақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгінде елімізде 200-ден астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны «ақылды ферма» қағидатымен жұмыс істейді. Мұндай шаруашылықтарда өндірістік процестер цифрлық технологиялар мен деректерді талдау негізінде басқарылып, өнімділік пен тиімділік артып келеді.

Сонымен бірге өндірушіден тұтынушыға дейінгі өнім қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық жүйе кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл агроөнеркәсіп саласындағы ашықтықты күшейтіп, жеткізу тізбегінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен ғана шектелмей, агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдейтін өңірлік орталыққа айналу екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, еліміз шикізат экспортынан жоғары қосылған құны бар дайын өнім өндіруге көшуге мүдделі. Осыған байланысты тамақ өнеркәсібін дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және өндірістік-нарықтық тізбекті қалыптастыруға басымдық берілуде.

Бұл бағытта жасанды интеллект, роботтандыру және Индустрия 4.0 шешімдері тамақ өнеркәсібіне белсенді енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, жасанды интеллект негізіндегі сапаны бақылау жүйелері, жабдықтарға болжамды техникалық қызмет көрсету, автоматтандырылған өндірістік желілер мен интеллектуалды жеткізу тізбегін басқару технологиялары өндірістің тиімділігін арттырып, халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкестікті қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ интеллектуалды логистика жүйелерін, автоматтандырылған қойма кешендерін, заманауи мұздатқыш инфрақұрылымын және озық қаптама технологияларын дамыту агроөнеркәсіп саласында толық интеграцияланған цифрлық өндірістік экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы сөз соңында халықаралық инвесторларды, жетекші азық-түлік өндірушілерді, технологиялық компаниялар мен жасанды интеллект шешімдерін әзірлеушілерді Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға және саланың ауқымды цифрлық трансформациясына белсенді қатысуға шақырды.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты