Астанада өткен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VEON компаниялар тобының бас атқарушы директоры Мухтерем Каан Терзиоглуды қабылдады. Кездесу барысында телекоммуникация саласын дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VEON компаниясының Қазақстанда ұзақ жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтіп, оның отандық телекоммуникация саласы мен цифрлық экожүйенің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
Мемлекет басшысы қазіргі кезеңде жасанды интеллекттің елдің цифрлық трансформациясының негізгі қозғаушы күшіне және экономикалық өсімнің маңызды факторына айналып отырғанына назар аударды. Осыған байланысты Президент VEON компаниясын Қазақстанда заманауи есептеу инфрақұрылымын дамытуға, деректерді өңдеу орталықтарын салуға және «бұлтты» сервистерді кеңейтуге белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу барысында VEON компаниялар тобының бас атқарушы директоры Мухтерем Каан Терзиоглу Қазақстандағы телекоммуникациялық инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру, озық цифрлық технологияларды енгізу және халықтың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін кеңейту жөніндегі жоспарларын таныстырды.
Компания алдағы үш жыл ішінде Қазақстандағы бизнес көлемін екі есеге арттырып, ел экономикасына қосымша 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ VEON басшылығы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» тұжырымдамасына жоғары қызығушылық танытып, оны іске асыруға белсенді қатысуға дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы компанияның стратегиялық жоспарларын қолдап, Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық ахуалды сақтап, өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға әрдайым дайын екенін атап өтті.