Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші жары әлеуметтік желідегі парақшасында қасиетті Меккеге жасаған сапары кезінде болған әсерлі оқиғаны баяндады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Оның айтуынша, қажылық кезінде үш күн қатарынан миллиондаған адамның арасынан бір әйелмен қайта-қайта жолы түйіскен. Кейін екеуі танысып, естелік суретке түскен.
Жазба авторының сөзінше, жаңа танысы алты айлық сәбиін көршісіне қалдырып, анасын жаяу ертіп Меккеге алып келген. Себебі бұл – қарт ананың көптен бергі арманы болған.
«Қолындағы сәбиімнің алтын білезігін естелік ретінде сыйладым. Ол бөпесін қатты сағынып, көзіне жас алып дұға жасап отырды. Аман-есен сәбиіне оралсын деген ниетпен сыйымды тарту еттім», – деп жазды ол.
Сонымен қатар ол адамдарды дініне, ұлтына немесе терісінің түсіне қарап бөлмеуге шақырды.
«Алла ешқашан адамзатты дінге, тілге, ұлтқа немесе ақ пен қараға бөліп жаратқан жоқ. Барлығымыздың Жаратушымыз бір. Қара түсті адамдар да – адам, ұлт, жаратылыс. Қараның сұлуы екеніме еш кінәм жоқ. Әлхамдулиллаһ», – деп жазбасын қорытындылады.
Өнер иесінің жазбасы әлеуметтік желіде кеңінен таралып, оқырмандардың жылы пікірлері мен қолдауына ие болды.