Қазақстандық әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында ұзын шашының өзі үшін ерекше маңызға ие екенін айтып, оқырмандарымен ой бөлісті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесі ауыл мен қаладан алған тәрбиенің өмірлік ұстанымына айналғанын жеткізді.
«Ауылдың да, қаланың да тәрбиесін қатар көрдім. Екеуінен де өзіме керегін алдым. Ауылдан – қарапайымдылық пен кеңдікті, қаладан – талғам мен таңдауды үйрендім», – деп жазды әнші.
Қарақат Әбілдинаның айтуынша, ұзын бұрым ол үшін тек сыртқы сұлулықтың белгісі емес, ұлттық болмыстың бір бөлшегі.
«Ұзын бұрым мен үшін тек сұлулық емес. Ол – аналарымыздан жалғасып келе жатқан қазақ қызының бейнесі, нәзіктік пен тектіліктің көрінісі», – деді ол.
Сондай-ақ әнші шығармашылық жолының басында стилистердің сыртқы келбетін өзгерту туралы ұсыныстары көп болғанын айтты. Алайда ол өз болмысынан алыстағысы келмегенін жеткізді.
«Сахнаға алғаш шыққан жылдары образымды өзгерту туралы ұсыныстар көп болды. Бірақ мен өзімді басқа бейнеде елестете алмадым. Өйткені сахна – мен үшін эксперимент емес, ішкі жан дүниемнің көрінісі», – деп жазды өнер иесі.
Әншінің сөзінше, эстрада мен ұлттық өнердің бағыты әртүрлі болғанымен, олардың түп-тамыры ортақ.
«Эстрада мен ұлттық өнер – екі түрлі жанр. Бірақ ән де, үн де бір жүректен шығады. Ал қос бұрымым – сол екі әлемді жалғап тұрған Қарақаттың табиғи болмысы», – деді ол.
Жазба соңында Қарақат Әбілдина ұзын бұрымды қыз-келіншектерді белгілеуге шақырып, ең ұзын бұрым иелеріне Астанада өтетін жеке концертіне билет сыйлайтынын хабарлады.