Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының аяқталуына орай іс-шараға қатысушыларды құттықтады.
Президент өз сөзінде даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Ерлік – елдің қасиеті» деген қанатты сөзін келтіріп, елге қызмет ету білімге ұмтылудан, қоршаған ортаға қамқор болудан және келешек алдындағы жауапкершілікті терең сезінуден басталатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы әрбір Отан қорғаушы азаматтың көзі ашық, көкірегі ояу, елге жанашыр, антқа адал, талапты әрі табанды болуы қажет екенін айтты. Сондай-ақ жиын барысында жастардың нағыз достық пен өзара құрметтің, ұйымшылдық пен мызғымас бірліктің жарқын үлгісін көрсеткенін ерекше атап өтті.
Президент жеңімпаз атанған командаларды шын жүректен құттықтап, рухты жастардың бір алаңда бас қосып, тәжірибе алмасуы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен өзара сенімді одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, әр сарбаздың айбыны асқақ болуын тіледі. Сонымен қатар Қазақстанның аспаны әрдайым ашық, болашағы жарқын болсын деген ізгі тілегін жеткізді.