Контентке өту

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты «Арал – Каспий магистралі» деп аталуы тиіс

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты «Арал – Каспий магистралі» деп аталуы тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автожолдарының құрылысына арналған телекөпір барысында еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа жобалардың стратегиялық маңызына тоқталды. Президенттің айтуынша, бұл бастамалар Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, Еуропа мен Азия арасындағы негізгі логистикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы «Бейнеу – Сексеуіл» бағытында ұзындығы 800 шақырымды құрайтын түбегейлі жаңа автожолдың құрылысы басталғанын атап өтіп, оның халықаралық маңызы бар дәлізге айналатынын жеткізді.

– Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» ретінде қызмет етеді. Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. Халқымыздың таным-түсінігінде құдық қазу, көпір салу сауапты іс саналады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, біз игілігі баршаға ортақ, яғни өзіміз де, өзгелер де пайдасын көретін аса жауапты жұмысты бастап отырмыз. «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты республикалық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды «Арал – Каспий магистралі» деп атаған дұрыс, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент жалпы ұзақтығы 774 шақырымды құрайтын «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» автожолдарын кеңейту мен түбегейлі жаңғырту жұмыстарының басталғанын мәлімдеді.

– Бұл жолдардың құрылысымен отандық компаниялар айналысады. Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді. Бұл жобалар ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Осындай жобалардың әрқайсысы тұтас Қазақстанның көлік жүйесімен үйлеседі. Бұған дейін негізінен солтүстіктен оңтүстікке тартылған көлік желілері енді шығыстан батысқа қарай бағытталған жаңа тармақтармен кеңейіп жатыр. Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру. Қазақстандағы автокөлік тасымалы саласы табысы жағынан теміржол көлігімен теңесті. Сондықтан жолдың құрылысын жүргізумен бірге заманауи цифрлық экожүйе құру маңызды міндет саналады. Жергілікті автоөндірісті тарта отырып, отандық тасымалдаушыларды қолдаудың ұлттық бағдарламасын қабылдау әлеуетті еселейді. Мұның бәрі Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейте түседі. Арал маңындағы иен даламен тартылып жатқан жолдар бұған дейін тұйық нүкте саналып келген бағыттарды Еуразияның негізгі көлік дәліздерінің тоғысына айналдырады. Бүгін бастау алып жатқан жұмысты уақтылы, яғни 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау өте маңызды. Қажетті жағдайдың барлығы жасалып жатыр. Енді білек сыбана жұмысқа кірісу керек. Біз бір ел болып, бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға амандық, сәттілік және табыс тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты