Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өскелең ұрпағын жан-жақты дамыған, мемлекет құндылықтарын терең түсінетін азамат етіп тәрбиелеу стратегиялық маңызды міндет екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, жастардың бойына Тәуелсіздік пен Егемендікке, елдің аумақтық тұтастығына, заңның үстемдігіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына деген құрмет сіңірілуі тиіс. Осыған байланысты әскери қызмет шынайы патриоттарды тәрбиелейтін басты мектепке айналуы қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы әскери дәстүрлерді «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» қағидатына сай жаңғырту бастамасын қолдайтынын жеткізді. Енді әскерге шақыру, әскери ант қабылдау және әскери қызметтен босату рәсімдері мемлекеттік протокол тәжірибесіне сәйкес жаңа форматта, ерекше салтанатпен ұйымдастырылады. Бұл қадам аталған іс-шаралардың мән-маңызын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және қоғамдағы әскери қызметтің беделін көтеруге ықпал етеді.
Президент сарбаз болудың зор мәртебе екенін айтып, Қарулы күштер қатарында борышын өтеген әр азамат көпшілік құрметіне лайық екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерге құрмет пен азаматтық жауапкершілік жастар дүниетанымының өзегіне айналуға тиіс екенін жеткізді. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайды ескере отырып, ел келешегіне жауапкершілікпен қараудың маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде құрылған «Жас сарбаз» қозғалысының айрықша рөлін атап өтті. Бүгінде бұл ұйымның қатарында 280 мыңнан астам мектеп оқушысы мен студент бар. Әскери-патриоттық бірлестіктерде тәрбиеленген жастардың басым бөлігі болашақ өмірін әскери қызметпен, құқық қорғау органдарымен және ұлттық қауіпсіздік саласымен байланыстырады.
Президент жастардың бұл ұмтылысын толық қолдайтынын айтып, олардың арасында бүгінде жоғары жетістіктерге жетіп, өз қатарластарына үлгі болып жүрген азаматтар бар екенін жеткізді. Сондай-ақ Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын үздік тәмамдаған Арман Оңдасыновқа Мемлекеттік рәміздер күні аясында аға лейтенант офицерлік атағын өз қолымен табыстағанын еске салды.
Іс-шараға өткен жылдардағы «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының жеңімпаздары да қатысты. Президент Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжаннан келген қатысушыларға бастаманы қолдап, белсенді қатысқандары үшін алғыс білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Айбын» жобасы осы жылдар ішінде нағыз патриотизм мектебіне айналып, мыңнан астам жасөспірім мен жасты бір тудың астына біріктірді. Мұндай жиындар жастардың әділ бәсекеге түсіп, тәртіпке, өзара қолдауға және командамен жұмыс істеуге үйренуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар жарыстар физикалық дайындықпен қатар ақыл-ой ұшқырлығын, тапқырлық пен шығармашылық қабілетті дамытуға ықпал етеді.
Президенттің сөзінше, «Айбын» жиынының басты миссиясы – Қарулы күштер қатарында кәсіби деңгейі жоғары интеллектуалды элитаны қалыптастыру. Сондай-ақ мұндай кездесулер халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, халықтар арасындағы достық, бірлік пен өзара түсіністікті бекемдей түседі.