Контентке өту

Қазақстан мен Ресей бірқатар үкіметаралық құжаттарға қол қойды

Қазақстан мен Ресей бірқатар үкіметаралық құжаттарға қол қойды
ашық дерек

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин қатысқан кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін ресми делегация мүшелері бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Қол қойылған құжаттардың қатарында Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу жобасына қатысты маңызды келісімдер бар. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында АЭС салу жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы келісім жасалды. Сонымен қатар атом электр станциясының құрылысын қаржыландыру үшін Қазақстан Үкіметіне мемлекеттік экспорттық несие беру туралы келісімге қол қойылды.

Білім саласында да маңызды құжаттар қабылданды. Екі ел үкіметтері Қазақстанда «Қазақстан – Сириус» халықаралық білім беру мектебі мен дарынды балалар мен жастарға арналған «Қазақстан – Сириус» орталығын құру және оның қызметі туралы келісім жасасты.

Бұдан бөлек, мұнай саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі келісімге қол қойылды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрлігі арасында Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалында Ресей азаматтарын оқыту шығындарын қаржыландыру туралы келісім қабылданды.

Қаржы саласында да өзара ықпалдастықты күшейтуге бағытталған құжаттар бекітілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Ресей Федерациясының Қаржы мониторингі федералды қызметі арасында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қосымша құжатқа қол қойылды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі мен Ресей Федерациясы Орталық банкі арасында қазақстандық теңге мен ресейлік рубль валюталық своп туралы екіжақты келісім және ынтымақтастық туралы меморандум қабылданды.

Көлік және логистика саласында көліктегі цифрландыруды дамыту бойынша ведомствоаралық ынтымақтастық жоспары бекітілді. Сонымен бірге Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы мен Ресей темір жолы арасында темір жол арқылы жүк тасымалын цифрландыруды дамыту жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Атом энергетикасы бағытында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Ресей Федерациясының Экологиялық, технологиялық және атомдық қадағалау федералды қызметі ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу саласы бойынша 2026-2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресей Федерациясының Тұтынушылардың құқықтарын және адамның әл-ауқатын қорғау саласындағы федералдық қадағалау қызметі арасында ынтымақтастық бойынша нақты іс-шаралар жоспары бекітілді.

Сапар барысында медиа және білім саласына қатысты бірқатар меморандумдарға да қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені мен «TATMEDIA» АҚ арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Бұдан бөлек, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрлігінің Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты