Қазақстанда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 заманауи мектеп бой көтерді. Қазіргі таңда бұл білім ошақтарында 200 мыңнан астам оқушы білім алып, 16 мыңнан астам мұғалім сабақ беруде, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жаңа мектептерде оқу процесі заманауи әдістермен жүргізіледі. Педагогтер цифрлық технологияларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін және STEM бағытындағы білім беру тәсілдерін белсенді қолдануда.
Бүгінде 10 мыңнан астам мұғалім жаңа педагогикалық тәсілдер бойынша арнайы біліктілік арттыру курстарынан өткен. Бұл курстар Зияткерлік мектептер, «Білім-Инновация» лицейлері және «Өрлеу» орталығы базасында ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар жаңа мектептердің басшылығына тәжірибелі мамандар тағайындалуда. Олардың қатарында «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының түлектері де бар.
Мектеп директорлары арнайы стратегиялық конференцияларға қатысып, STEM-білім беру моделін меңгеруде. Сондай-ақ олар дарынды оқушылардың әлеуетін дамыту, білікті кадрларды тарту және жасанды интеллектке негізделген оқыту әдістерін енгізу бағытында тәжірибе жинақтауда.
Бұл жоба еліміздегі білім беру жүйесін жаңғыртып, мектептердің сапасын арттыруға бағытталған ірі бастамалардың бірі саналады. «Келешек мектептері» - заманауи білім беру ортасын қалыптастырып, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына берік негіз қалайды.