Қазақстанда төрт күндік жұмыс аптасын енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді., деп хабарлайды baq-orda.kz.
Министрдің айтуынша, төрт күндік жұмыс аптасы еңбек заңнамасында бұрыннан қарастырылған. Алайда мұндай жұмыс режиміне көшу міндетті емес және ол тек жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімі негізінде жүзеге асырылады.
«Егер жұмыс беруші өндірістік процесті төрт жұмыс күні ішінде тиімді ұйымдастыра алса және тараптар келісімге келсе, онда мұндай форматты қолдануға болады», – деді министр.
Асқарбек Ертаевтың сөзінше, төрт күндік жұмыс аптасына алғаш болып көшетін ұйымдар өзге мекемелер үшін тиімді тәжірибенің үлгісіне айналуы мүмкін.
Сонымен қатар министр қазіргі таңда Қазақстандағы барлық қызметкерлерді міндетті түрде төрт күндік жұмыс аптасына көшіру жоспарда жоқ екенін атап өтті.
Оның айтуынша, еңбек режимін таңдау әрбір ұйымның жұмыс ерекшелігіне, өндірістік қажеттілігіне және жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісімге байланысты болады.