Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, 2026 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің (ӘКС) саны 1 577-ге жеткенін хабарлайды. Есептік кезеңде Тізілімге 146 жаңа қатысушының енгізілуі бұл сектордағы тұрақты өсуді айғақтайды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Салыстырсақ, 2025 жылғы қорытынды бойынша елде 1 431 әлеуметтік кәсіпорын жұмыс істеген. Тізілімге енгізілген әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері қаржылық, инфрақұрылымдық және консультациялық көмекті қосқанда, мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқылы. Қолдаудың негізгі құралдарының қатарында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кредитке кепілдік беру және мемлекеттік грант беру бар (ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 754 қаулысы).
Әлеуметтік кәсіпкерлік заңнамада алғаш рет 2021 жылы бекітілді. Ол азаматтар мен қоғамның әлеуметтік мәселесін шешуге арналған кәсіпкерлік қызмет ретінде анықталады. Оған мүмкіндігі шектеулі адамдар құрған кәсіпорындар, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар адамдар мен халықтың әлеуметтік осал тобының өкілдері үшін жұмыс орнын қамтамасыз ететін ұйымдар кіреді.
Тізілімді қалыптастыру мен жүргізу орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы негізінде жүзеге асырылады. Облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары арнайы комиссиялар жұмысының нәтижесі бойынша мәлімет береді. Олар өтінімдерді қарап, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды (ірі бизнес субъектілерін қоспағанда) ресми тізімге енгізу жөнінде ұсынымдар әзірлейді.