Қордай ауданында ауыл шаруашылығы саласы жыл сайын дамып, жаңа серпін алып келеді. Өсімдік шаруашылығы мен бау-бақша өсірумен қатар, мал шаруашылығы бағытында да ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Соның нәтижесінде ірі қара өсіру және бордақылаумен айналысатын шаруашылықтардың саны артып келеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Солардың бірі – Қарасай ауылдық округінде орналасқан «Қарлығаш» шаруа қожалығы. Заманауи талаптарға сай жұмыс істеп отырған шаруашылықта бүгінгі таңда 200 бас ірі қара мал өсірілуде.
Шаруа қожалығының жетекшісі Бекзат Әлиев мал басын көбейту және ет өндірісін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтады.
– Өткен жылы бұзаулар сатып алдық. Қазір олар бордақыланып жатыр. Алдағы уақытта ет өнімдері ретінде нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Бордақылау алаңымыз бір мезгілде 300 бұқашық ұстауға есептелген. Мал азығын өзіміз дайындаймыз. Бұл өндірісті тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді, – дейді фермер.
Бұл шаруашылықтың негізін көп жыл бұрын Бекзаттың әкесі Ғани Әлиев қалаған. Әке ісін жалғастырған Бекзат Әлиев кәсіби тәжірибесін пайдалана отырып, қожалықты жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен. Ол мемлекет тарапынан ұсынылатын мал шаруашылығын дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларын белсенді пайдаланып келеді.
Атап айтқанда, КазАгроФинанс арқылы қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға қаржы алған.
– Заманауи техника жұмыс өнімділігін арттырып, шаруашылықты одан әрі дамытуға жол ашады, – дейді Бекзат Әлиев.
Мамандардың пікірінше, ауылдық жерлерде кәсіпкерліктің дамуы өңір экономикасына тікелей әсер етеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты жақсарады. Сонымен қатар отандық өнім көлемінің артуы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауылдардың экономикалық әлеуетін күшейтеді.
«Қарлығаш» шаруа қожалығы – ауыл шаруашылығында жаңашылдықты тиімді пайдаланып, мал шаруашылығын дамытып отырған табысты кәсіпорындардың бірі. Мұндай бастамалар Қордай ауданындағы аграрлық сектордың тұрақты дамуына және сапалы азық-түлік өндірісінің артуына негіз болып отыр.