Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Саңырақ батыр көшесіндегі №55/7 көпқабатты тұрғын үйге арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Бұған дейін аталған тұрғын үйдің құрылыс сапасына қатысты тұрғындар тарапынан бірқатар шағымдар түскен болатын. Осыған байланысты шаһар басшысы жағдаймен тікелей танысып, көтерілген мәселелердің мән-жайын зерделеді.
Кездесу барысында тұрғындар үйдің құрылыс сапасына байланысты өздерін алаңдатқан мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Қала әкімі әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, айтылған мәселелердің назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Нысанды аралау кезінде тұрғын үйдің техникалық жай-күйі мен құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлінді. Шаһар басшысы жауапты сала мамандары мен мердігер ұйым өкілдеріне анықталған кемшіліктерді жан-жақты зерделеп, оларды қысқа мерзім ішінде жою жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Бақытжан Орынбеков өз сөзінде тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз ету жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының сапасы әрқашан басты талап болып қала беретінін жеткізіп, қандай да бір кемшіліктер анықталған жағдайда олар толықтай жойылуы тиіс екенін қадап айтты.
Сонымен қатар қала әкімі тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, туындаған мәселелерді уақытылы шешу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Бұл ретте жауапты мекемелерге тұрғындар көтерген әрбір мәселе бойынша нақты шаралар қабылдау міндеттелді.
Жалпы, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, тұрғын үй қорындағы мәселелерді дер кезінде шешу және құрылыс саласындағы бақылауды күшейту Тараз қаласында тұрақты назарда тұрған маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.