Қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытай түрмесінде отырғанына он жылдан асты. Оның тағдыры әлі күнге дейін қоғам назарынан тыс қалған жоқ, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласының әуежайында ұсталып, кейін есірткі контрабандасына қатысты айып бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда ол өзіне тағылған айыпты мойындамай, халықаралық қылмыстық топтың құрбаны болғанын айтып келеді.
Осы уақыт ішінде Ақжарқын қытай тілін меңгеріп, түрмеде басқа сотталғандарға сабақ беріп жүргені туралы ақпарат тараған.
Қазақстан тарапы бірнеше жылдан бері Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару мүмкіндігін қарастырып келеді. Дегенмен Қытай заңнамасына сәйкес өмір бойына сотталған азаматтарды басқа мемлекетке беру мәселесі күрделі құқықтық рәсімдерді талап етеді.
Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі қоғамда жиі талқыланып келеді. Оның туған-туыстары мен қазақстандықтар әділ шешім қабылданып, отандасымыздың тағдырына қатысты оң өзгеріс болады деген үміттерін үзген жоқ.