Қазақстан Республикасының жеңіл атлетикадан өткен чемпионатында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшісі ефрейтор Ринат Кулыгин 10 шақырым қашықтыққа жүгіруден жеңіске жетті., деп хабарлайды baq-orda.kz.
Республикалық жарыс Алматы қаласында Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Сайысқа еліміздің 40-тан аса үздік спортшысы қатысты. Ринат Кулыгин мәреге бірінші болып жетіп, өзінің жеке рекордын (31 минут 13 секунд) орнатты.
Бұл жеңіс әскери қызметшінің ұлттық деңгейдегі кезекті жетістігі еді. Ринат Кулыгин – Қазақстанның 12 дүркін чемпионы, сондай-ақ Азия чемпионаттарының бірнеше мәрте жүлдегері. Оның Кувейт пен Корея Республикасында өткен халықаралық жарыстарға да қатысқан тәжірибесі бар.
Ринаттың спорттық жолы Жамбыл облысы Меркі ауданында басталған. Ол балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы Дмитрий Иванчуковтың жетекшілігімен жаттыққан. Әскери қызметте болғанына қарамастан, спортшы бапкерімен ұдайы байланыста болып, жаттығу жоспарын орындап жүр.
Ринат Кулыгин Қарулы күштер қатарында 2024 жылдың көктемінен бері қызмет етіп келеді. Ол Гвардейск гарнизонындағы кіші мамандарды даярлау оқу-жаттығу орталығында дайындықтан өтіп, танк бригадасында механик-жүргізуші болып тағайындалған. Қазіргі уақытта келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарып, аға радиотелефонист лауазымында қызмет етуде.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ыбыраев әскери қызметшінің бұл жеңісі Қарулы күштердің беделін арттыруға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Алдағы уақытта Ринат Кулыгин биылғы жылдың шілде айында Қытайда 23 жасқа дейінгі жастар арасында өтетін Азия чемпионатына қатысуды, оған қоса дене дайындығы және жаттықтырушылық бағытта білімін жалғастыруды жоспарлап отыр.