Танымал блогер Сабина Мовлаева журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында бұрынғы күйеуімен арадағы қарым-қатынасы және ажырасу себептері туралы ашық айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Блогердің сөзінше, некеден кейін жолдасы оның өмір салтына араласып, хиджаб киіп, намаз оқуға мәжбүрлей бастаған.
«Үйленгеннен кейін ол хиджаб киіп, намаз оқуға мәжбүрледі. Мен өтініш айтсам, "егер хиджаб кисең, мен соны жасаймын" деп айтатын», – деді Сабина.
Оның айтуынша, үйленгенге дейін мұндай талаптар қойылмаған. Алайда уақыт өте келе жолдасының қызғанышы күшейіп, көзқарастары өзгере бастаған.
«Басында маған хиджаб кию жайлы айтқан жоқ. Бірақ үйленген соң қызғана бастады. Мен оған дайын болмадым», – деп бөлісті блогер.
Сонымен қатар Сабина Мовлаева ажырасуға тек осы жағдай ғана себеп болмағанын айтты. Оның сөзінше, отбасындағы негізгі мәселенің бірі ата-енемен бірге тұру болған.
«Біз ол үшін ғана ажыраспадық. Мен өзім де дінге жақынмын, Алланы танимын. Ажырасуға ең басты себеп – ата-ене. Ата-енеммен тұрдым», – деді ол.
Блогер бұрынғы күйеуіне қатысты жағымсыз пікір айтқысы келмейтінін де жеткізді.
«Жолдасымды жаман деп айта алмаймын. Ол өте мейірімді, жақсы адам», – деп түйіндеді Сабина Мовлаева.