Танымал файтер, аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы әлеуметтік желіде жасаған жазбасымен көпшіліктің назарын аударды. Ол бұл жолы қайынсіңілісі Сора Рахмоноваға қарата үндеу жариялап, оқырмандар арасында қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Желіде тараған стористе ол эмоциясын жасырмай, қызына қатысты видеоны жариялау мәселесіне наразылығын білдірген. Оның айтуынша, отбасыға қатысты жеке материалдарды көпшілікке тарату орынсыз.
«@sora_rakhmonova, қызымның видеосын парақшаңнан өшір! Бәрің жабылып балаларымды әкесіз қалдырдыңдар, енді жақсы көріп қалғандай болдыңдар ма? Бізден барынша аулақ жүріңдер», – деп жазды ол.
Бұл жазба әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікірлерге себеп болды. Бірі әйелдің әрекетін қолдаса, енді бірі мұндай мәселелерді ашық түрде жариялаудың қажеті жоқ екенін алға тартқан.
Айта кетейік, бұған дейін Гүлайым Рахмонова бұрынғы күйеуі Шавкат Рахмоновпен ажырасуына қатысты себептерді ашық айтып, Руслан Өтепбайқа сұхбат берген болатын.
Қазіргі жағдайға байланысты тараптар ресми түрде толыққанды пікір білдірмеді. Дегенмен, бұл жағдай қоғамда жеке өмір мен жариялылық шекарасы туралы талқылауды қайта жандандырды.