Танымал әнші Сиви Махмуди “Кездесу” бағдарламасында бұрын көп айтыла бермеген жеке өміріне қатысты жайттарды алғаш рет ашық айтты. Өнер иесінің шынайы әңгімесі бірден көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Сұхбат барысында әнші кезінде Алмас Кішкенбаевпен қарым-қатынаста болғанын жасырмай, бұл оқиғаның қалай басталғанын егжей-тегжейлі баяндады. Оның айтуынша, таныстықтың бастамашысы өзі болған.
Сивидің сөзінше, ол кезде жасы небәрі 15–16 шамасында болған, ал Алмас “Superstar” жобасына қатысып жүрген. Жасөспірім қыз ретінде ол ортақ таныстары арқылы әншінің байланысын алып, алғаш болып өзі жазған. Тіпті сол кезеңде оның суретін шығарып, фотошоп арқылы екеуін бірге “қосып”, бөлмесінде сақтап қойғанын да жасырмады.
Өнер иесі бұл қарым-қатынасты “бала махаббаты” деп атап, олардың арасында шынайы сыйластық болғанын жеткізді. Айтуынша, олар кездесіп жүргенімен, тіпті қол ұстасуға да бармаған.
Бұл ашық әңгіме әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бірқатар қолданушылар әншінің шынайылығын жоғары бағаласа, енді бірі оның айтқандарына сын көзбен қарап, түрлі пікір білдірді.
Осылайша, Сиви Махмудидің естелігі желіде жаңа пікірталас тудырып, өткен шақтағы жұлдыздар өміріне қызығушылықты қайта оятты.