Тараз қаласының 2026–2030 жылдарға арналған даму Картасы аясында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту мен балаларға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Аталған жоспарлар қаладағы демографиялық өсім мен жаңа тұрғын алқаптарының кеңеюіне байланысты білім беру ұйымдарына деген сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жоспарға сәйкес, «Ұлы дала» шағын ауданында 600 орындық заманауи оқушылар сарайының құрылысы жүргізіледі. Бұл нысан оқушылардың қосымша білім алуына, шығармашылық және ғылыми жобалармен айналысуына, сондай-ақ мәдени-спорттық іс-шараларға қатысуына мүмкіндік береді. Мұнда түрлі үйірмелер мен заманауи зертханалар ашу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, «Балауса» шағын ауданында 2 000 орындық ірі мектептің құрылысы жоспарланған. Жаңа білім ордасы аталған аумақтағы оқушы орындарының тапшылығын азайтып, үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге ықпал етеді деп күтілуде. Ал «Шаңырақ» алқабында 600 орындық және «Қызыл-Абад» алқабында 300 орындық жаңа мектептер бой көтермек. Бұл нысандар шалғай тұрғын алқаптарындағы балалардың сапалы білімге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, алдағы бес жыл ішінде қаладағы 33 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Аталған жұмыстар барысында білім беру ұйымдарының инженерлік желілері жаңартылып, шатырлары мен қасбеттері жөнделеді, оқу кабинеттері заман талабына сай жабдықталады. Сондай-ақ 61 мектепте ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сынып бөлмелері, спорт залдары мен асханалар қалпына келтіріледі.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын жаңғырту да басты назарда. Осы кезеңде 33 балабақша күрделі жөндеуден өткізіліп, ғимараттардың материалдық-техникалық базасы күшейтіледі. Сонымен қатар, 62 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүлдіршіндерге қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру көзделіп отыр.
Жалпы, аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде қаладағы білім беру сапасын арттыруға, оқушылар мен тәрбиеленушілерге қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ заманауи әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік туады деп күтілуде.