Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен бизнес арасындағы тиімді диалогтың маңызын атап өтіп, экономиканы дамыту үшін өзекті мәселелерді бірлесіп шешу қажет екенін айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Президенттің сөзінше, елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты табысты жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыт сот жүйесі мен құқық қорғау саласындағы реформалармен қатар, ауқымды экономикалық өзгерістермен де ұштасып отыр.
– Еліміз сот жүйесі және құқық қорғау саласындағы түбегейлі реформалармен қатар ауқымды экономикалық өзгерістерді жүзеге асыруда. Мұның мемлекетіміз үшін маңызы айрықша, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық ахуалды жақсарту және кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында қолайлы құқықтық әрі институционалдық орта қалыптасып жатқанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, инвестициялық дауларды қарау барысында қабылданған сот шешімдерінің шамамен 80 пайызы инвесторлардың пайдасына шығарылған. Бұл елдегі инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған саясаттың нәтижесін көрсетеді.
– Отандық және шетелдік инвесторлармен кездесулерде мен үнемі бір мәселеге ерекше назар аударамын. Билік және бизнес өкілдері өзара сындарлы байланыс орнатуы керек. Олар өзекті түйткілдерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірлесе отырып іздеуі қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі даулы мәселелерді заң аясында шешу екенін атап өтті.
– Әр даулы жағдайда мәмілеге келетін жолды іздеу керек. Бірақ бұл заңнама жүйесіне нұқсан келтірмеуі тиіс. Басқаша айтқанда, әр келісімнің заңдық шектеуі болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент бүгінгі таңда жұмысын бастаған кассациялық соттарды құру бастамасы да осындай диалог алаңдарының бірінде көтерілгенін еске салды.
Мемлекет басшысының пікірінше, ашық диалог пен өзара сенімге негізделген әріптестік мемлекет пен бизнес арасындағы байланысты нығайтып, ел экономикасының тұрақты дамуына жол ашады.