Контентке өту

Тоқаев: Қазақстан мен Ресей мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтып келеді

Тоқаев: Қазақстан мен Ресей мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтып келеді
ашық дерек

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа ерекше мән берілгенін айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан мен Ресей арасында мәдени және білім беру бағытындағы байланыстар тұрақты түрде дамып келеді.

– Қазақстан мен Ресейде екі елдің Мәдениет күндері тұрақты түрде ұйымдастырылып, халықтарымыздың бай рухани мұрасын паш ететін іс-шаралар кеңінен өткізіледі. Екі ел тарихшылары мен саясаттанушыларының пікірталас алаңдарында бас қосуы да игі дәстүрге айналды. Биыл үшінші Қазақстан – Ресей медиафорумы өтеді. Бұл жиын ақпараттық ықпалдастықты қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай алаңдардың халықтар арасындағы ынтымақты нығайтып, жалған ақпаратқа қарсы бірлескен іс-қимыл жасау үшін маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы биыл шілде-тамыз айларында Астанада үшінші «Болашақ ойындарын» өткізу жоспарланып отырғанын айтты.

Президент білім саласындағы бірлескен жобаларға да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда «Сириус» таланттары екі рет бас қосқан.

– Жаңа буын мамандарын даярлау үшін дарынды жастарға жүйелі түрде қолдау көрсетіледі. Биыл қаңтар айында Алматыда «Сириус» орталығы бой көтеретін жерге алғашқы капсуланы салу рәсімі өтті. Жаңа ғана біз Астанада дәл осындай іс-шараға куә болдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, «Сириус» орталығының білім беру жобалары гуманитарлық саладағы маңызды бастамалардың біріне айналып, екі елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға зор үлес қоспақ.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты