Контентке өту

Тоқаев: Су мәселесінде бірлік пен халықаралық қолдау қажет

Тоқаев: Су мәселесінде бірлік пен халықаралық қолдау қажет

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы су және экологиялық мәселелер ушығып тұрған кезеңде елдер арасындағы ынтымақтастықты күшейту аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда ортақ келісімге келіп, кедергілерді бірлесіп еңсеру – өңір тұрақтылығының басты кепілі.

Мемлекет басшысы Қырғызстанның Халықаралық Аралды құтқару қоры қызметіне қатысуы уақытша тоқтап тұрғанын еске салды. Бұл шешімге Қазақстан құрметпен қарайтынын жеткізген Президент, соған қарамастан екі ел арасындағы ведомствоаралық байланыстар жоғары деңгейде сақталып отырғанын айтты. Сонымен қатар, Қырғызстанның тәжірибесі Орталық Азияның орнықты дамуы үшін маңызды екенін атап өтіп, оның Қор жұмысына қайта оралуына үміт білдірді.

Президент Қордың өңірлік рөлін күшейту үшін су мәселесін түрлі көпжақты форматтарда, соның ішінде мемлекет басшыларының консультативтік кездесулерінде тұрақты түрде қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен бірлескен жұмысты жандандыру қажеттігін айтты. Бұл өз кезегінде сұранысқа ие экологиялық және су жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Президент Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында жаңа Халықаралық су ұйымы құру бастамасын қайта көтерді. Оның пікірінше, мұндай құрылым жаһандық деңгейде су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіруге ықпал етеді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Арал теңізі, Әмудария және Сырдария өзендеріне арналған халықаралық күндерді бекітуді ұсынды. Бұл бастама Арал өңіріндегі экологиялық мәселелерге әлем назарын аудартуға бағытталған.

Президент атап өткендей, ұсынылған шаралардың барлығы ортақ мүддеге сай келеді және аймақтағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге нақты үлес қоса алады.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты