Танымал айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек ер адамның босану кезінде әйелінің жанында болуы туралы пікір білдіріп, қоғамда қызу талқыланып жүрген тақырыпқа өз көзқарасын ашық жеткізді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
«Кеше бір бауырым: “Аға, Төреғали Төреәлі әйелінің босануына бірге кіріпті. Сол дұрыс па?” деп сұрады. Бірден жауап бермедім, ойланып барып айттым», – дейді ақын.
Оның пікірінше, бұрын ауылда босануды білетін, жанашыр, тәжірибелі әйелдер көмектескен. Олар ана мен баланың амандығын бірінші орынға қойған. Ал ер адамдар бұл ортаға кірмеген.
Дегенмен, қазіргі заман өзгергенін айтқан Мұхамеджан Тазабек бүгінгі жағдайда күйеуінің жанында болуы кейде дұрыс шешім болуы мүмкін екенін жеткізді:
«Қазір роддомда не болып жатқанын білмейсің. Түрлі медициналық процестер бар, бөтен адамдар кіріп-шығып жатады. Осындай жағдайда келінге ыңғайсыздық тудырғаннан гөрі, күйеуі жанында болып, қамқорлық танытып, қауіпсіздік пен тыныштыққа жауап берсе – бұл да дұрыс деп ойлаймын», – деді ол.
Айта кетейік, жуырда әнші Төреғали Төреәлі жетінші рет әке атанды. Жұбайы Толқын қыз баланы дүниеге әкеліп, отбасында қуанышты жаңалық орын алды.
Бұл пікір қоғамда екі түрлі көзқарасты тағы да алға шығарды: бірі – дәстүрді қолдаса, екіншісі – заманауи көзқарасты құптайды.