Қазақстандық танымал әнші Төреғали Төрелі жетінші рет әке атанып, қуанышты жаңалығын әлеуметтік желіде бөлісті. Өнер иесінің айтуынша, бұл – жай ғана жаңалық емес, өміріндегі үлкен жауапкершіліктің жаңа кезеңі, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Әншінің жары Толқында бұл жолы төртінші рет кесарь тілігі жасалған. Төреғали бұл сәттің өзі үшін оңай болмағанын жасырмай, ерекше шешім қабылдағанын айтты. Ол тек сыртта күтіп тұрмай, босану сәтінде жанында болып, қызының дүниеге келгенін өз көзімен көрген.
«Қызымды өз қолыммен қарсы алдым. Бұл — Алланың құдіретін көзбен сезіну», — дейді әнші.
Жаңа туған сәбиге Мәриям есімі берілген. Бұл есімді нағашы атасы мен әжесі ырымдап қойған. Әншінің сөзінше, бұл — жүрекпен қабылданған ерекше шешім.
Сонымен қатар, сәбидің кіндік әкесі мен кіндік шешесі ретінде Төреғалидың продюсері Жан Мұқанов пен оның жары таңдалған. Өнер иесі бұл таңдауды сенім мен жақындықтың белгісі деп атап өтті.
Қазіргі таңда анасы мен сәбиінің жағдайы жақсы. Төреғали қызына арнап жүрекжарды тілегін де жеткізді:
«Жолың жарық болсын. Өмірің нұрлы болсын. Әкең әрдайым жаныңда».
Желі қолданушылары әншінің бұл жазбасына жылы лебіздерін жаудырып, шынайы оқиғаға тәнті болғандарын жасырмады. Көпшілік әсіресе әкенің перзентін өз қолымен қарсы алған сәтін ерекше бағалап отыр.