Түркістан облысында 512 тік дренаж ұңғымасын қалпына келтіру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба аясында Жетісай ауданында 210 ұңғыма, ал Шардара ауданында 302 ұңғыма қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды baq-orda.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда 512 ұңғыманың барлығы толық бұрғыланып болды. Нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларды осы жылдың бірінші жартысының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жоба нәтижесінде Түркістан облысының Жетісай және Шардара аудандарындағы 101,5 мың гектардан астам суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады деп күтіліп отыр.
«Тік дренаж жүйелері жерасты суы деңгейін тұрақтандыру, топырақтың қайталама тұздану қаупін азайту және суармалы жерлердің жай-күйін жақсарту үшін аса қажет. Жүргізіліп жатқан шаралар су ресурстарын ұтымды пайдалануға және өңірдегі аграрлық сектордың тұрақты дамуына бағытталған», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.