«Jan Production» ісіне байланысты шу күшейіп, алдандық деген ата-аналар енді жарнамаға түскен танымал актерлерді де жауапқа тартуды талап етіп отыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жәбірленушілердің айтуынша, киностудияның жарнамасына қатысқан өнер адамдары халықтың сеніміне тікелей әсер еткен. Сол себепті көп ата-ана балаларын киноға түсіреміз деген уәдеге сеніп, қомақты қаржы тапсырғанын айтуда.
Ата-аналар атаған тұлғалардың қатарында Дәурен Айдарқұлов, Жан Байжанбаев, Берік Айтжанов және өзге де танымал актерлер бар.
Олардың сөзінше, компания балаларды кино әлеміне алып келеміз деп уәде беріп, миллиондаған теңге жинаған. Алайда уәделер орындалмай, көптеген отбасы қаржылай шығынға батқанын айтады. Қазіргі таңда келтірілген шығын көлемі 6 миллиард теңгеден асқаны айтылуда.
Әлеуметтік желіде бұл жағдай қызу талқыланып жатыр. Бірі актерлер тек жарнамаға түскені үшін жауап бермеуі керек десе, енді бірі танымал тұлғалардың қатысуы халықтың сенімін арттырғанын айтып, олардың да моральдық жауапкершілігі бар екенін жазуда.