Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы әлеуметтік желідегі парақшасында отбасының күнделікті тұрмысынан видео жариялап, көпшіліктің ықыласына бөленді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бейнежазбада қыздардың қазақтың ұлттық тағамдарының бірі – шұжық дайындау жұмысына белсенді қатысып жатқанын көруге болады. Олар дәстүрлі тәсілмен шұжық жасап, ұлттық құндылықтарды дәріптеген.
Видео желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік қыздардың еңбекқорлығы мен тәрбиесіне жоғары баға берді. Әсіресе, ұлттық салт-дәстүрді ұмытпай, қазақы тіршілікті насихаттап жүрген жастарға деген ризашылықтарын білдіргендер көп болды.
Пікір қалдырған оқырмандар қыздардың іскерлігіне сүйсініп, олардың бойынан қазақ қызына тән тәрбиені байқағандарын жазды. Кейбір желі қолданушылары қазіргі таңда мұндай жұмыстарды көп жастардың емес, тіпті кейбір ересектердің де жасай бермейтінін атап өтті.
Жарияланған бейне қысқа уақыт ішінде көп қаралым жинап, әлеуметтік желіде жылы пікірлердің көбеюіне себеп болды.