М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде өткен «Дулати – білім бесігі: ұрпақтар сабақтастығы мен жарқын болашаққа сенім» атты түлектер форумы еліміздің білім беру кеңістігіндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Ауқымды шараға әр жылдары оқу орнын тәмамдаған түлектер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары мен студент жастар қатысып, білім мен тәжірибені ұштастырған тағылымды кездесу өткізді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Форум Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, көпшілік назарына университеттің қалыптасу жолы мен жетістіктерін қамтыған арнайы бейнеролик ұсынылды. Онда оқу орнының сан мыңдаған білікті маман даярлап, ел дамуына елеулі үлес қосқан білім ордасы ретіндегі тарихи миссиясы кеңінен көрініс тапты.
Жиында сөз сөйлеген Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев университеттің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Дулати университеті – тек білім беретін мекеме ғана емес, ғылыми-инновациялық әлеуетті қалыптастыратын маңызды орталықтардың бірі.
Форум қатысушылары Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы бейнеүндеуін тамашалады. Министр жоғары білім беру саласындағы реформалар мен заманауи бастамаларға тоқталып, түлектер қауымдастығының университет дамуына қосатын үлесінің зор екенін атап өтті.
Шара барысында мемлекет қайраткері, университет түлегі Амандық Баталов, профессорлар Өскенбай Мадиев, Махметқали Сарыбеков, қоғам қайраткері Асқар Абдуалы және академик Дария Қожамжарова сөз сөйлеп, білім ордасының ел өміріндегі орны мен жастар тәрбиесіндегі рөлін жоғары бағалады. Спикерлердің барлығы дерлік ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығына тоқталып, университет қабырғасында қалыптасқан құндылықтардың бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.
Форумның басты оқиғаларының бірі Дулати университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаеваның «Dulaty – 2030» бағдарламалық баяндамасы болды. Ректор университеттің алдағы даму стратегиясын таныстырып, оқу орнын Қазақстанның оңтүстігіндегі инновациялық-индустриялық хабқа айналдыру бағытындағы жоспарлармен бөлісті.
Бағдарлама аясында білім беру мазмұнын еңбек нарығының сұранысына бейімдеу, халықаралық серіктестікті кеңейту, ғылыми жобаларды коммерцияландыру және стартап мәдениетін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылмақ. Сонымен қатар жас ғалымдарды қолдау және студенттердің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа бастамалар жүзеге асырылады.
Форум аясында тағы бір маңызды жоба – «DULATY ALUMNI GLOBAL» халықаралық платформасының тұсаукесері өтті. Жаңа алаң әлемнің әр түкпірінде еңбек етіп жүрген Дулати түлектерін біріктіріп, кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ университеттің «Endowment» қорының ресми іске қосылуы білім ордасының дамуындағы жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті. Бұл қор болашақта ғылыми жобаларды қаржыландыруға, талантты жастарды қолдауға және университеттің тұрақты дамуына ықпал етпек.
Форум шеңберінде «Менің болашағым – Dulaty» атты жастар алаңы ұйымдастырылып, студенттердің инновациялық жобалары мен бастамалары таныстырылды. Әсіресе «Enactus Dulaty» командасының халықаралық деңгейдегі жетістіктері жастардың ғылыми және кәсіпкерлік әлеуетінің жоғары екенін көрсетті.
Қонақтар университеттің ғылыми инфрақұрылымымен де танысты. А.С.Ахметов атындағы наноинженерлік зерттеу әдістері зертханасы мен Физика-химиялық зерттеулер орталығында жүзеге асырылып жатқан жобалар жоғары бағаланды. Бұл нысандар университеттің ғылым мен өндірісті байланыстыратын маңызды орталыққа айналып келе жатқанын дәлелдей түсті.
Форум соңында қатысушылар М.Х.Дулати ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, университет мұражайын аралады. Ал мерекелік гала-концерт білім мен өнердің үндестігін паш етіп, форумның мазмұнын рухани тұрғыдан толықтырды.
Осылайша, Дулати университетінде өткен түлектер форумы өткен мен бүгінді байланыстырып қана қоймай, оқу орнының болашақ даму бағдарын айқындаған маңызды алаңға айналды. Форумда көтерілген бастамалар мен ұсыныстар университеттің халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, ғылым мен білімнің жаңа белестерін бағындыруға жол ашатыны сөзсіз.