Әлеуметтік желіде “Хан” есімімен танымал асабаға қатысты дау жаңа мәліметтермен толықты. Асаба мен оның жұбайының жеке видеосын таратты деп айыпталған мобилографтың анасы бірнеше мәлімдеме жасап, істің екінші қырын ашып берді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Анасының айтуынша, 16 жастағы ұлы небәрі 20 күн ғана жұмыс істеген, оның өзінде тек 3 күн нақты қызмет атқарған. Соған қарамастан, еңбекақысы толық төленбеген.
«Балам 20-ақ күн жұмыс жасады. Соның өзінде 3 күн ғана барды. Ақшасын бермеген. Таксиін төлеймін деп мінгізіп, оған да ақша бермеген. Өзім күтіп алып, ақысын төледім», - дейді ол.
Сонымен қатар, әйел баласының жұмыс берушінің телефонынан жабық видеоларды ұрлап, таратуы мүмкін емес екенін алға тартты.
Даудың тағы бір бөлігі — құқық қорғау органдарына қатысты айтылған айыптар. Анасының сөзінше, полиция қызметкерлері олардан кешірім сұрап, видео түсіруді талап еткен.
«Бізге кешірім сұрап видео түсір дейді. Балама да сөйлетіп шығар дейді. Істемеген нәрсеге не үшін кешірім сұрауымыз керек? Бізде заң жоқ па? Ақшасы барлар сөйлейтін заман болды. Полициямен бір сыбайлас сияқты», - деп наразылық білдірді ол.
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Бір тарап жасөспірімді қорғап, істі жан-жақты тексеруді талап етсе, енді бірі жеке өмірге қатысты видеолардың таралуына кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс екенін айтуда.
Қазіргі таңда аталған іс қоғам назарында. Тараптардың пікірлері қарама-қайшы болғандықтан, оқиғаның нақты ақ-қарасы тек ресми тергеу нәтижесінде белгілі болады.