Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова Қарағанды қаласына барған сапары барысында өзіне көрсетілген құрметтің бұрынғыдай болмағанын айтып, әлеуметтік желіде ескі архивтік видеомен бөлісті., деп хабарлайды baq-orda.kz.
Әнші жариялаған бейнежазбаның нақты қай жылы түсірілгені белгісіз. Дегенмен, кадрлардың ескі VHS таспадан алынғаны байқалады. Видеода Қарағанды облысының сол кездегі әкім орынбасары мен жергілікті кәсіпкерлердің өнер иесін арнайы күтіп алған сәті көрсетілген.
Мақпал Жүнісова жазбасында бұрынғы және қазіргі жағдайды салыстыра отырып, өкінішін жасырмаған. Оның айтуынша, марқұм Зәкең билік басында болған кезеңде Қарағандының белгілі азаматтары әншіні ерекше құрметпен қарсы алған.
Ал бұл жолғы сапарында жағдай мүлде басқаша болғанын атап өтті.
«Зәкең марқұм билікте болғанда, Қарағандының дөкейлері осылай траптан қарсы алып еді. Осы жолы барғанда біреуінің төбесін көрмедік. Ең болмағанда мәдениет бөлімінен бір адам келмеді», – деп жазды әнші өзінің Instagram парақшасында.
Өнер иесінің бұл жазбасы желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Бірі әншінің сөзін қолдап, өнер адамдарына құрмет әрдайым жоғары болуы тиіс екенін айтса, енді бірі заман өзгергенін алға тартқан.
Айта кетейік, Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасының танымал өкілдерінің бірі, халық әртісі атағын иеленген өнер иесі.