Жамбыл облысында 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында өңірдің ақпарат саласында еңбек етіп жүрген екі БАҚ қызметкеріне жаңа пәтердің кілті табысталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ақпарат саласы мамандарының қоғамдағы орны мен жауапкершілігіне ерекше тоқталды.
Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам өміріндегі рөлін әрдайым жоғары бағалап, сала қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән беріп келе жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес БАҚ саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі баспана кілттерін табыстау – сол қолдаудың нақты нәтижесі. Ақпарат саласы – қоғамның дамуы мен тұрақтылығына ықпал ететін маңызды бағыт. Сіздер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, ел өміріндегі маңызды оқиғаларды жұртшылыққа жедел әрі шынайы жеткізіп келесіздер. Ақпараттық кеңістіктің дамуына қосып жүрген еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді Ербол Қарашөкеев.
Мерекелік шара барысында «Қазақстан» республикалық телерадио кешені» АҚ облыстық филиалының бейнемонтажері Әлібек Байгутиев пен «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-не қарасты «AR-AI» газетінің тілшісі Құралай Сейсенбекқызына жаңа пәтердің кілті табысталды
Облыс әкімі баспаналы болған әріптестерді қуаныштарымен құттықтап, жаңа шаңырақтарының берекелі, бақытқа толы болуына тілектестік білдірді.
– Баспана – әр отбасының басты құндылықтарының бірі. Бұл – тек тұрғын үй ғана емес, отбасының тұрақтылығы мен болашаққа деген сенімінің негізі. Бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын, жаңа қоныстарыңыз құт-береке мен шаттықтың ордасына айналсын, – деді өңір басшысы.
БАҚ өкілдері бұл игі бастаманы Мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдары саласы қызметкерлеріне көрсетіп отырған қолдауының нақты көрінісі ретінде бағалап, алғыстарын білдірді.