Жамбыл өңірінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды бастама – «Мөлдір бұлақ» акциясы өтті. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, Наурызнама онкүндігінің «Тазару күнімен» үндестік тапты. Осы арқылы акцияның мазмұны тереңдеп, маңызы арта түсті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Жамбыл облысының әкімдігі бірлесіп өткізді. Негізгі мақсат – табиғи су көздерін қорғау, бұлақтар мен өзен-көлдерді тазарту, сондай-ақ қоғамда, әсіресе жастар арасында табиғатқа жанашырлықты қалыптастыру.
Акция барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл ауданындағы Жалғызтал бұлағының көзін ашып, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл игі іске өңір жастары белсене қатысып, тазалық жұмыстарында ерекше белсенділік танытты.
Айта кету керек, бұл бастама аясында Жамбыл облысында алғаш рет «Болашақтың қайнары» атты еріктілер қозғалысы құрылды. Оның құрамына Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері де қосылып, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарға өз үлестерін қосты. Бұл қозғалыс – еліміздегі су саласына бағытталған алғашқы еріктілер ұйымдарының бірі ретінде бағаланып отыр.
Өз сөзінде Нұржан Нұржігітов аталған жобаның маңыздылығына тоқталып, оның алдағы уақытта республика көлемінде жалғасатынын жеткізді. Ал өңір басшысы Ербол Қарашөкеев бұлақ көзін ашу – ата-бабадан қалған асыл мұра екенін атап өтті. Ол «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халық даналығын тілге тиек етіп, табиғатты қорғау әр азаматтың ортақ міндеті екенін айтты.
Шара барысында ардагерлер де өз батасын беріп, жастарға өнегелі ой тастады. Қоғам белсенділері мен сала ардагерлері экологиялық тәрбиенің маңызына ерекше назар аударды.
Жалпы, «Мөлдір бұлақ» акциясы Жамбыл облысының барлық аудандарында жалғасын тауып, кең көлемде ұйымдастырылды. Бұл бастама – бір реттік шара емес, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыратын маңызды қадамдардың бірі.