Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 5 қазан – Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылған «Ұстаз – ұлт келбеті» атты мерекелік іс-шараға қатысып, өңірдің білім беру саласында жемісті еңбек етіп жүрген педагогтер мен сала ардагерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Ұстаздар күніне арналған салтанатты жиын «Баласағұн» орталық концерт залында өтті. Мерекелік кешке білім беру саласының үздіктері, тәжірибелі ұстаздар, сала ардагерлері, мектеп директорлары, колледж басшылары, әдіскерлер мен жас педагогтер қатысты.
Салтанатты шара ұстаз мәртебесі мен оның қоғамдағы айрықша орнын арқау еткен театрландырылған көрініспен ашылды. Көрермендер назарына Жамбыл облысының білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізілген жетістіктерді қамтитын арнайы бейнеролик ұсынылды. Онда өңірдегі білім беру ұйымдарының дамуы, заманауи мектептердің бой көтеруі, педагогтердің кәсіби жетістіктері және оқушылардың республикалық, халықаралық деңгейдегі нәтижелері көрсетілді.
Іс-шара барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жамбылдық ұстаздарға ізгі тілегін білдіріп, педагог мамандығының ел болашағын қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталды.
– Ұстаз – адамзат өркениетінің ұлы тұлғасы. Барлық мамандық иесі ұстаздан тәлім алады. Олардың арман жолының бастауы ұстаздың шапағатынан басталады. Сондықтан ұстаз болу – жай ғана кәсіп емес. Бұл – жүрек қалауы. Бұл – жанның қызметі. Бұл – рухтың талабы, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысының айтуынша, ұстаздың еңбегі тек білім берумен шектелмейді. Педагог – жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді, отансүйгіштік сезімді, еңбекқорлық пен жауапкершілікті қалыптастыратын тұлға. Әрбір шәкірттің өмір жолында оның алғашқы ұстазының орны ерекше.
Бүгінде білім беру саласы еліміздің стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айрықша назарда. Осы ретте Жамбыл облысында да білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін көтеру, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Ербол Қарашөкеев өңірде педагог мәртебесін арттыруға және ұстаздар қауымын қолдауға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
«Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдердің кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасау, олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бойынша бірқатар шара жүзеге асырылуда. Сонымен бірге білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мектептерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге және білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға басымдық беріліп келеді.
Соңғы жылдары облыста жаңа мектептер салынып, бірқатар білім беру нысандарына күрделі жөндеу жүргізіліп, оқу кабинеттері жаңартылуда. Бұл жұмыстардың барлығы балалардың сапалы білім алуына және педагогтердің тиімді еңбек етуіне қажетті жағдай қалыптастыруға бағытталған.
– Алайда ең озық технологияның, ең зәулім ғимараттың өзі ұстаздың орнын алмастыра алмайды. Себебі ұстаздың жанды дауысы, жылы мейірімі мен терең білімі ерекше. Сіздер – жаңа Қазақстанның интеллектуалды элитасын қалыптастыратын басты күшсіздер, – деді Ербол Қарашөкеев.
Қазіргі таңда Жамбыл облысының білім беру саласында 40 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Өңірдегі 532 орта білім беру ұйымында 245 мыңнан астам оқушы білім алуда. Бұл – облыстың білім беру жүйесінің ауқымы мен педагогтерге жүктелген жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетеді.
Биыл облыста 14 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 12 нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланса, қалған екі мектептің құрылысын 2027 жылы аяқтау көзделген. Жаңа білім беру нысандарының бой көтеруі, ең алдымен, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өңірде педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және жаңа әдістемелерді енгізу жұмыстары да жалғасуда. Заманауи білім беру үдерісінде мұғалімнен тек пәндік білім ғана емес, цифрлық технологияларды меңгеру, жаңа педагогикалық тәсілдерді тиімді пайдалану және оқушының жеке қабілетін дамыту талап етіледі.
Жамбылдық ұстаздар осы талап үдесінен шығып, өздерінің кәсіби шеберліктерін түрлі байқаулар мен олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен шығармашылық жарыстарда көрсетіп келеді.
Облыс әкімінің айтуынша, педагогтердің кәсіби еңбегінің ең басты нәтижесі – олардың шәкірттерінің жетістігі.
– Ұстаздарымыздың кәсіби еңбегі оқушыларымыздың жетістіктерінен көрінеді. Облыс командасы өткен оқу жылында республикалық ғылыми жобалар конкурсында қатарынан 17-ші жыл «Ең үздік команда» атағын қорғап қалды. Биік белестерді бағындырып жүрген шәкірттеріміз – сіздердің еңбектеріңіздің нақты нәтижесі, – деді облыс әкімі.
Жамбылдық оқушылардың республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктері өңірдегі білім сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Олардың әрбір жеңісінің артында оқушыға бағыт-бағдар беріп, білімін шыңдап, қабілетін ашқан ұстаздың табанды еңбегі тұр.
Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу» деген сөзі педагог мамандығының қоғамдағы маңызын айқын көрсетеді.
Ұстаз еңбегі – ел дамуының негізі. Өйткені бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі елдің маманы, ғалымы, дәрігері, инженері, кәсіпкері, мемлекеттік қызметшісі немесе қоғам қайраткері. Сондықтан білімді, білікті әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруда ұстаздың рөлі ерекше.
– Ұстаз еңбегі – ел дамуының негізі. Ұстаз еңбегі – ұрпақ тәрбиесінің өзегі. Сондықтан әрбір ата-ана ұстазға құрметпен қарап, әрбір оқушы оның еңбегін бағалауы керек. Жалпы қоғам ұстазды қолдауы қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Мерекелік шара барысында білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде жоғары нәтижелер көрсеткен педагогтерге құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында барлығы 64 педагог түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Олардың қатарында ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып, білім саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан тәжірибелі мамандармен қатар, кәсіби ізденісімен ерекшеленген жас педагогтер де бар.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Меркі ауданындағы И.Трубицын атындағы №17 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының мұғалімі Нағима Қаймалақова «Парасат» орденімен наградталды.
Ал Тараз қаласындағы білім саласының ардагері Қансұлу Сапекова мен Шу ауданындағы №10 Шу колледжінің директоры Тоқжан Мұсаева «Құрмет» орденіне ие болды.
Бұл марапаттар – аталған азаматтардың білім беру саласына сіңірген көп жылғы еңбегінің, кәсіби біліктілігі мен педагогикалық қызметке деген адалдығының жоғары бағалануы.
Сондай-ақ «Айша бибі» атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының мұғалімі Елена Белоусқа, Жамбыл ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Назаркүл Жампейісоваға, Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназиясының мұғалімі Гүлмира Помашеваға және Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Зухра Үсенбаеваға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Тараз қаласындағы №9 орта мектептің директоры Роза Тұрмысова Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, ал білім саласының ардагері Бақытжан Нұржанова Алғыс хатымен марапатталды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.
Марапаттау рәсімінде ұстаз еңбегінің тек кәсіби нәтиже тұрғысынан ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігі мен жас ұрпақтың өміріне тигізер ықпалы тұрғысынан да маңызы зор екені атап өтілді.
Сонымен қатар білім беру саласының ардагерлері мен үздіктеріне, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша және арнайы білім беру ұйымдарының педагогтеріне, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлеріне және ұстаз-аналарға қаржылай сыйақылар берілді.
Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлт келбеті» атты мерекелік іс-шара педагог мамандығының мәртебесін көтеріп, білім саласының үздіктерін ұлықтаған маңызды басқосуға айналды.
Кеш барысында ұстаздық жолын өмірінің басты мұратына айналдырған жандарға құрмет көрсетіліп, олардың еңбегіне алғыс білдірілді. Әр жылдардағы шәкірттерінің жетістігімен, білім саласына қосқан үлесімен ерекшеленген педагогтерге жылы лебіздер айтылды.
Салтанатты жиын соңында жамбылдық ұстаздарға арналған мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнерпаздардың әні мен биі, сахналық қойылымдар көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұстаздарға арналған мерекенің мазмұнын толықтыра түсті.
Ұстаз – ұлттың рухани темірқазығы. Оның еңбегі бір күнмен немесе бір оқу жылымен өлшенбейді. Ұстаздың шәкірт жүрегіне сіңірген білімі мен тәрбиесі жылдар өткен сайын өз жемісін береді. Сондықтан педагог мәртебесін көтеру, ұстаз еңбегін бағалау және олардың қоғамдағы беделін арттыру – ел болашағына жасалған маңызды инвестиция.
Жамбыл өңірінде білім саласының дамуына бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, педагогтерге қолайлы жағдай жасау, білім сапасын арттыру және жас ұрпаққа сапалы тәрбие мен білім беру басты бағыттардың бірі болып қала береді.