Әлеуметтік желілер мен бейнехостингтерде таралып жатқан зейнетақы төлемдерінен 20% ұстап қалу енгізілді деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды baq-orda.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Белгісіз тұлғалардың deepfake технологияларын пайдалана отырып, ынтымақты зейнетақы төлемдері 20%-ға қысқартылады деген жалған мәліметі бар бейнероликтер таратып жатқанын хабарлаймыз.
Еске саламыз, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға арттырылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде жыл сайын кезең-кезеңімен ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 120%-ына дейін ұлғайтылуда.
Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені (күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ал ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін ұлғайтылып, 60 005 теңгені құрады.
Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз.
Қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделгенін еске саламыз.