Қазақстандық актриса Жұлдызай Дүйсембиева өз өмірінде болған ең қиын сәттердің бірі туралы айтып, көпшілікті тебірентті. Өнер иесі денсаулығы күрт сыр беріп, ауруханаға түскенін жасырмады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Актрисаның айтуынша, бір сәтте оның жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер жағдайдың тым ауыр екенін айтып, үміттің аз болғанын жеткізген. Сол сәтте жанында болған қызы көз жасына ерік беріп, қатты қобалжыған.
"Жүрегім бір тоқтап, қайтадан соқты. Дәрігерлер сол кезде «болды, өлді» деп ойлады. Қызым айқайлап жылады. Бірақ бір күш мені қайтадан өмірге алып келгендей болды", – дейді актриса.
Жұлдызай Дүйсембиева бұл жағдайдан кейін өмірге деген көзқарасының өзгергенін де атап өтті. Ол фотосессия кезінде әріптестері «Жұлдызай оралды» деген идея ұсынғанын айтып, мұны жақсылықтың нышанына балаған.
Актрисаның бұл оқиғасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар оған қолдау білдіріп, жылы лебіздерін жаудырды. Көпшілік оның өмірге деген құлшынысына тәнті болып, мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.