«Қаңтар қасіреті» кезінде ішкі істер министрі болған Ерлан Тұрғымбаев қамалды деген ақпарат таралды. Ол туралы Бас прокуратура растады. Айта кетейік, бұған дейін БАҚ Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын.
«Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға байланысты қылмыстық істерді тергеуді жалғастыруда.
А. ж. 29 сәуірінде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде ішкі істер экс-министрі Е.З.Тұрғымбаев ұсталды.
Қылмыстық істе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайды.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу ҚР ҚІЖК-нің 47 және 201-баптарының талаптарымен регламенттелген» ақпарат таратты Бас прокуратура.
«Қаңтар қасіретінен» кейін Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы, генерал Жанат Сүлейменов суицид жасаған болатын. Сол кезде генерал көп рет телефон арқылы сөйлескен болатын. Соның біреуі Тұрғымбаевта болуы мүмкін.
Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрлігінде 1984 жылдан бастап еңбек жолын Саранск қалалық атқару комитетінің ішкі істер бөлімінің қылмыстық іздестіру бөлімінде тергеуші болып бастаған. Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы қаласы полициясының бастығы, Тергеу комитетінің төрағасы болды.
2012 жылдан — Ішкі істер министрінің орынбасары. 2019-2022 жылдары Ішкі істер министрі қызметін атқарған.
1 және 2-дәрежелі «Даңқ» ордендерінің толық иегері, 2-дәрежелі «Айбын» ордендерімен, 1-дәрежелі «Қайсар», 2-дәрежелі «Барыс» төсбелгісімен марапатталған.