Астанада 18 жастағы бойжеткеннің қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып фотосессия жасауы қоғамның қызу талқысына түсті. Оқиғаға байланысты полиция бойжеткенді жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Оқиға Абай даңғылы бойындағы Жазушылар аллеясында орналасқан «Үш арыс» монументі маңында болған. Аталған композиция қазақ әдебиетінің алып тұлғалары – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлинге арналған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода қыздың мүсіндердің біріне шығып, Бейімбет Майлин ескерткішінің мойнына отырғаны көрінеді. Сол сәтте оның жанындағы құрбысы суретке түсіріп тұрған.
Бұл жағдайды журналист Дүйсенәлі Әлімақын байқап қалып, видеоға түсіріп, Facebook желісінде жариялаған.
– Қаламгерлер аллеясында демалып отыр едім. Кенеттен мынадай келеңсіз іске куә болдым. “Бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме?” десем, еш жауап бере алмады. Еш ұялу, кешірім сұрау байқалмады. Бұл басыну ма, әлде надандық па? – деп жазды журналист.
Оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында кеңінен талқыланып, көпшілік бойжеткеннің әрекетін қатаң сынға алды. Кейбір желі қолданушылары мұндай әрекетке жаза қатаң болуы керек екенін айтты.
Видео тарағаннан кейін Астана қалалық полиция департаменті ресми түсініктеме берді.
– Полиция қызметкерлері 18 жастағы Астана тұрғынын анықтап, «Байқоңыр» ауданы Полиция басқармасына жеткізді. Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Материалдар сотқа жолданды, – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Құқық қорғау органдары мәдениет нысандары мен тарихи мұраларға құрметпен қарау қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, «Үш арыс» композициясының тұғырында жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет беретін QR-код орнатылған. Ал Бейімбет Майлин – қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына зор үлес қосқан көрнекті қаламгерлердің бірі. Ол «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» басылымдарында еңбек етіп, халықтың мұң-мұқтажын шығармаларына арқау еткен. 1938 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болған.