Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жылдан жылға күшейіп келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мемлекет басшысы 2023 жылы Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен кейін Қазақстан бастамасымен Газиантеп провинциясы аумағында Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп ашылғанын айтты.
Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларында Маариф қоры мектептерін ашу жөнінде келісімге қол жеткізілгені белгілі болды.
Президенттің мәліметінше, қазіргі таңда 14 мыңға жуық қазақстандық студент Түркияда білім алып жатыр. Ал 260-қа жуық түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуда.
Жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық университет жанынан Гази университеті филиалы жұмысын бастаған.
Мемлекет басшысы туризм саласындағы ынтымақтастықтың да дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның бірқатар өңірінде туризмге маманданған түрік компаниялары табысты жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты Президент түрік инвесторларын Қазақстанға инвестиция салуға және озық тәжірибелерімен бөлісуге шақырды.
Денсаулық сақтау саласындағы серіктестік те қарқын алған. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның ірі фармацевтикалық компаниялары – Abdi İbrahim және Nobel Қазақстанда өндіріс желілерін іске қосқанын айтты.
Сондай-ақ жақын уақытта Orzax Group Түркістан облысы аумағында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт құрылысын бастайды.
Ал YDA Group Түркістан және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салып жатыр.