Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Түркістанда бой көтерген жаңа мешітті аралап көрді. Құлшылық үйі екі ел арасындағы бауырластық пен рухани ынтымақтастықтың символы ретінде салынған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мешіттің орталық залында Құран оқылып, мәртебелі меймандар ғимараттың сәулеттік ерекшеліктерімен танысты.
Жаңа мешіт Шавкат Мирзиёевтің Түркістан тұрғындары мен барша қазақстандықтарға жасаған тартуы ретінде бой көтерген.
Ғимаратта дәстүрлі ислам сәулеті заманауи құрылыс технологияларымен үйлесім тапқан. Қасбеті мен ішкі интерьері ұлттық ою-өрнектермен және мұсылман каллиграфиясымен безендірілген. Мешіт мұнараларының биіктігі 61 метрге жетеді.
Сондай-ақ ғибадат орны жаңа инженерлік желілермен жабдықталған. Абаттандырылған аумақта жарықтандыру жүйелері, демалыс аймақтары мен субұрқақтар қарастырылған.