Контентке өту

Президент: «Ерлік ешқашан ескірмейді»

Президент: «Ерлік ешқашан ескірмейді»
ашық дерек

Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен жауынгерлердің есімі ұрпақ жадында сақталуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президенттің сөзінше, қазақ халқының батырлық рухы мен ерлігі тарих бойы талай сын сағатта дәлелденген.

– Баһадүр бабаларымыз рухы асқақ, намысы биік екенін ерен ерлігімен дәлелдеп келді. Даңқты ерлеріміз Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтпас қайсарлықтың озық үлгісін көрсетті. 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Алайда көптеген майдангердің ерлігі еленбей қалғаны да жасырын емес. Ұлтына қорған болған ержүрек жауынгерлердің есімін ұрпақ жадында сақтауымыз керек. Бұл – біздің перзенттік парызымыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы осы орайда соғыс ардагері Кенжебай Мәденовтің ерлігін ерекше атап өтті.

Президенттің айтуынша, Кенжебай Мәденов Ұлы Отан соғысының соңында взвод командирі ретінде серіктерімен бірге Берлиндегі Ратуша ғимаратына Жеңіс туын тіккен.

– Бұл нацистік режимнің күйреуін көрсеткен, майдангерлердің рухын көтерген әрі шабуылды үдете түсуге дем берген тарихи сәт болды. Оның қаһармандық жолы туралы маршал Георгий Жуков және басқа да қолбасшылар жазған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Кенжебай Мәденовтің ерлігі осы уақытқа дейін лайықты бағаланбай келгенін айтып, тарихи әділдік орнағанын жеткізді.

– Сондықтан мен Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлығы мен батылдығы үшін марқұм Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Осылайша біз тарихи әділдікті қалпына келтіріп отырмыз, – деді Президент.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты