Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы кітап оқу мәдениетінің маңыздылығына ерекше тоқталып, бұл үрдіс ұлттың басты құндылықтарының біріне айналуы керектігін атап өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мемлекет басшысы қазіргі заманда балалардың тәрбиесіне әлеуметтік желілер мен түрлі видеоплатформалардың әсері күшейіп отырғанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, жақында АҚШ соттарының бірі кейбір интернет-платформалардың алгоритмдері балаларға кері әсер етіп, оларды психологиялық тәуелділікке ұшырататынын мойындаған.
Президент бұл жағдайдан сабақ алу қажеттігін жеткізді. Ол ұрпақ тәрбиесін толықтай цифрлық кеңістікке тапсырып қоюға болмайтынын айтып, бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық екенін баса айтты.
Сонымен қатар, Тоқаев отбасы институты мен білім беру жүйесінің рөлін күшейту маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, балаларды кітап оқуға баулу – тәрбиенің негізгі тетіктерінің бірі.
– Қанша жерден түрлі пессимистік пікірлер айтылғанымен, кітап өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Ол – білімнің қайнар көзі әрі рухани тәлімгер, – деді Президент.
Мемлекет басшысы кітап оқудың адам санасына әсеріне де тоқталды. Оның айтуынша, кітап оқу адамның таным көкжиегін кеңейтіп, ойлау қабілетін дамытады, сондай-ақ өз-өзіне деген сенімді арттырады.
Айта кетейік, жуырда елімізде Ұлттық кітап күні екінші рет аталып өтпек. Президент бұл бастаманың қоғам тарапынан қолдау тапқанын айтып, оның отандық баспа саласының дамуына серпін беретінін жеткізді. Сонымен қатар, шетелдік авторлардың маңызды әрі мазмұнды шығармаларын қазақ тіліне аударуға да ықпал ететінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, кітап оқу мәдениеті ұлттық дүниетанымның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Бұл бағытта ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері де белсенді жұмыс атқаруы қажет.