Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясын заман талабына сай нығайту және елдің қорғаныс қабілетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы мемлекеттік марапаттар мен әскери шендер табыстау рәсімінде айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Президенттің сөзінше, қауіпсіздік мәселелері мен қорғаныс қабілетін күшейту – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі.
– Қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру – негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер. Соңғы жылдары әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әскери қызметкерлерге арналған ипотекалық бағдарламалар іске қосылғанын, жалақы көлемі кезең-кезеңімен өсіп жатқанын және әлеуметтік жеңілдіктер артқанын атап өтті. Сонымен қатар күштік құрылымдарға жастарды тарту және кадрлық әлеуетті күшейту мәселесіне ерекше назар аударылып жатқанын айтты.
Президент әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру мақсатында бірқатар өзгеріс қарастырылып жатқанын жеткізді.
– Парламентте үздік білім алушыларға оқуды тәмамдаған кезде бірден «аға лейтенант» дәрежесін беру туралы түзетулер қарастырылып жатыр. Жалпы, биыл және келесі жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда шынайы патриотизм мен заңға құрметті нығайту маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, жастарға үлгі болатын тұлғалар – елге адал қызмет еткен нағыз қаһармандар болуы тиіс.
Президент қаза тапқаннан кейін ерлігі үшін марапатталған әскерилер, полицейлер, құтқарушылар мен арнаулы орган қызметкерлерінің есімдерін ұлықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Біздің мақсатымыз – батырларымыздың ерлігін мәңгі есте қалдыру, отандастарымыздың жарқын бейнесін жүрегімізде сақтау, өскелең ұрпақты нағыз ерлікке, қайсарлыққа және шынайы патриотизмге тәрбиелеу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мысал ретінде терроршыны ұстау кезінде қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов атындағы медальді атап өтті.