Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласын Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың аса табысты бағыттарының бірі ретінде атады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мемлекет басшысы «Балқаш» атом электр станциясын салуға қатысты қол қойылған келісімдердің стратегиялық маңызына ерекше тоқталды.
– Менің ойымша, бүгін қол қойылған «Балқаш» атом электр станциясын салуға қатысты келісімдердің стратегиялық маңызы зор. Осы ауқымды жобаны батыл қолдағаны үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинне ризашылығымды жеткіземін. Бұл бастама ғылым-білім, технология салаларындағы ықпалдастықты ілгерілетіп, энергетика мен индустрияға қатысты аралас бағыттардың дамуын қамтамасыз етеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей үшін энергия ресурстары мен электр энергиясын өндіру, тасымалдау және оларды ішкі әрі сыртқы нарықтарға жеткізу мәселелерін тиімді шешудің маңызы зор.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы серіктестіктің де қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан мен Ресей Солтүстік – Оңтүстік және Шығыс – Батыс құрлықаралық дәліздерін дамыту бағытында бірлесіп жұмыс атқаруда.
– Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді қысқарту, шекара маңындағы және басқа да инфрақұрылымды жаңғырту үшін жүйелі шаралар қабылданғаны қуантады. Соның нәтижесінде жүк тасымалы тұрақты түрде артып келеді. Былтырғы қорытынды бойынша 92 миллион тоннаға жетті. Бұл шамамен 3,4 пайыз өсімді құрайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент алдағы уақытта аталған көрсеткіштерді ұлғайту жоспарланып отырғанын атап өтіп, бұл үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиялары енгізілетінін жеткізді. Сонымен қатар екі ел арасында жүргізушісіз жүк көліктерінің қозғалысын іске қосу осы бағыттағы маңызды қадам екенін айтты.
Мемлекет басшысы ғарыш саласындағы ынтымақтастыққа да тоқталып, Байқоңыр ғарыш айлағы көп жылдан бері Қазақстан мен Ресейдің ғылыми-техникалық серіктестігінің символына айналғанын айтты.
- «Бәйтерек» бірлескен жобасының жүзеге асырылуы, соның ішінде жақында «Сұңқар/Союз-5» жаңа зымыран тасығышының сәтті ұшырылуы ғарыш қызметін ұсынатын халықаралық нарықтағы елдеріміздің позициясын нығайтуға жол ашады, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға төрт Амур жолбарысының әкелінуін Ресей Президентінің мемлекеттік сапары аясындағы маңызды оқиға ретінде бағалады.
- Қазақстан аумағына жолбарыстарды жерсіндіру жөніндегі бастамамызға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге шынайы алғыс айтамын. Бағалы сыйыңыз туралы ел азаматтарының барлығы кеңінен құлағдар болды. Осы игі іске атсалысқан екі елдің мамандарына ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.