Жаңалықтар
Жамбыл облысында 20 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 5,4 млрд. теңге бөлінді
- author BAQ-Orda
- 16 тамыз, 2023
- 72
Жамбыл облысында 20 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 5,4 млрд. теңге бөлінді
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте тұрғын үй құрылыстары аумақтарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу мәселелері, азаматтардың өтініштерінің орындалу барысы талқыланды.
Жиында облыс әкімі аппаратының өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы 7 ауданда (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Рысқұлов, Шу) жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген және берілген жер телімдеріне жүргізілген талдау қорытындысын баяндады.
Құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібековтің айтуынша, 2015-2022 жылдар аралығында 33 алқапты инженерлік-коммуникациялық желілерімен қамтуға 20,1 млрд. тенге қаралып, 2022 жылға дейін жер кезегіндегі азаматтарға 12 706 жер телімі таратуға дайындалды.
Ағымдағы жылы жер кезегіндегі азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 14 жаңа алқапта 20 инженерлік инфрақұрылым жобаларының құрылысын жүргізуге бюджеттен 5,4 млрд. тенге бөлінді.
Жыл қорытындысымен кезекте тұрғандарға Жамбыл ауданында 811, Сарысу ауданында 58 жер телімін дайындау жоспарлануда. Тараз қаласы және Меркі ауданындағы 6 алқапқа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым 2024-2025 жылдары тартылатын болады.
Баяндамашы бірқатар өзекті мәселелерге де тоқталды. Кезекте тұрғандарға берілген 7455 жер телімінің тек 704-інде ғана құрылыс жұмыстары басталғанын жеткізді. Аудан әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын салудың баяу қарқынына байланысты таратылған жаңа алқаптарда электр желілері, трансформаторлардың ішкі бөлшектері, көше жарық шамдары және су құбырының жабындылары ұрлануда.
Сондай-ақ, кеңесте жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдар Тажиковтің де баяндамасы тыңдалды.
Бірқатар мәселелер бойынша аудан әкімдерінен жауаптар алынды.
- Жер телімдерін бөлуге байланысты мәселелер тұрақты талдау мен бақылауды талап етеді. Қазіргі уақытта 21694 жер телімі игерілмеген. Тұрғын үй құрылысына арналған жер телімін алуға 202 мың тұрғын кезекте тұр. Халықпен кездесулерде тұрғындар өз кезегін 10-15 жыл бойы күтіп жүргенін айтып, жиі шағымданады. Жауаптылар игерілмеген жер телімдерін қайтару керек. Олай болмаған жағдайда бұл мәселе өзекті болып қала береді. Ауыл әкімдіктері жұмыс істеуі тиіс. Олар өздерінің бұл тұрғыдағы негізгі жауапкершіліктерін сезінуі маңызды. Жер телімдері бөлініп, инфрақұрылым тартылғанымен, ешқандай нәтиже байқалмайды. Игерілмеген жер телімдерін қайтарып, үй салуға дайын тұрғындарға беру қажет, - деп тапсырды Нұржан Нұржігітов.Облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы Ерсұлтан Жарқынбай аймақ басшысының Шу ауданына жұмыс сапары кезінде берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады. Сондай-ақ, кеңесте облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков жеке азаматтардың өтініштерін қарау барысы туралы хабарлады. Нұржан Нұржігітов тұрғындардың бірде-бір өтініші назардан тыс қалмау керектігін баса айтты