Қазақстан мен Түркия басшылары екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мәселесін талқылады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Кездесу барысында өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 8,8 пайызға өсіп, 5,4 миллиард доллардан асқаны айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-саттықты одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастырып, өзара алыс-берісті әртараптандырудың маңызына тоқталды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан қазіргі таңда Түркия нарығына 34 түрлі тауар бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Бұл бағыттағы әлеуеттің жалпы құны 630 миллион доллардан асады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы екі елдің қаржы орталықтары мен цифрлық сауда платформалары арасындағы серіктестікті күшейтудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақ-түрік бизнес форумының нәтижелері сауда-экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.